Алматыда әуе кеңістігі жабылды деген ақпарат жалған — Қорғаныс министрлігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде «әскерилердің қимыл-әрекеттеріне байланысты Алматының әуе кеңістігі жабылып, әскери жағдай енгізілді» деген ақпарат тарады. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Ведомство Алматының әуе кеңістігіне ешқандай шектеу енгізілмегенін мәлімдеді.

— Әуе кеңістігін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес уәкілетті органдар арқылы жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде таралған ақпараттың жалған екенін естеріңізге саламыз, — делінген хабарламада.

Мұның алдында Алматы халықаралық әуежайы да бұл ақпаратты жоққа шығарған еді.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр және рейстерге қатысты ешқандай шектеу жоқ.