Алматыда автобус пен көлік соғылды: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Фото: Фото: СҚО әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соғылды. Зардап шеккен 4 адамның біреуінің жағдайы ауыр.

Алматы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, №4 қалалық клиникалық ауруханаға жедел медициналық жәрдем бригадаларымен екі пациент жеткізілді. Мультидисциплинарлық бригада қарағаннан кейін оларға ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография және шолу рентгенографиясын қоса алғанда, қажетті клиникалық-диагностикалық тексерулер жүргізілді.
2005 жылы туған пациент кешенді тексеруден соң тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем алуға үйге жіберілді. 20 жастағы екінші жолаушы анестезиология және реанимация бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы ауыр деп бағаланады, барлық қажетті емдеу шараларын толық көлемде қабылдап жатыр.

– Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына (БШМККО) 17 жастағы жасөспірім де жеткізілді. Оны дәрігерлік бригада қарап, қажетті клиникалық-диагностикалық шаралар жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша оған оң ортан жіліктің ортаңғы бөлігінің ығысуымен жабық сынығы диагнозы қойылды. Пациент травматология бөліміне жатқызылды, ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр. Тағы бір адам Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасына (АККА) жеткізілді, – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасынан.

Осыған дейін Алматыда автобуспен Audi көлігінің соқтығысқаны туралы жазған едік.

Салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі мен оның үш жолаушысы түрлі дене жарақатын алған болатын.