Пышақ ала жүгірген: Алматыда автобус ішінде жанжал шығарғандар ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қоғамдық көліктің ішінде төбелес болды. Әлеуметтік желіде үш ер адамның арасындағы жанжалдың бейнежазбасы тарады. Онда ер адамның бірі қолына пышақ алып, екіншісіне ұмтылғанын көруге болады.

Фото: Скрин ЖИ көмегімен өңделді

Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

— Жанжалға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мұндай агрессивті және қоғамға қауіпті мінез-құлыққа жол берілмейді. Кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жолдағы жанжал кезінде жүргізушіні ұрған күдікті ұсталды.