Алматыда автобустар әуежайдың ішіне кіретін болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті.
Аудан тұрғыны қоғамдық көліктердің әуежайға кірмей, жолаушыларды әуе айлағының сыртында қалдырып кететініне шағымданды. Ерболат Досаев әуежай автотұрағындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл сұрақ шешілетінін айтты.
- Онда ішкі терминал алдында жаңа тұрақ алаңдары салынып жатыр, жұмыстар кемінде күзге дейін жүреді. Ол аяқталған соң, №92 бағыттағы автобус әуежайдың ішіне кіріп, жолаушыларды сонда қалдыратын болады, - деді қала әкімі.
Еске салайық, бұған дейін 1 сәуірден бастап Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалында сыртқы сумен жабдықтау және өрт сөндіру желілерін жаңарту жұмыстары басталғанын жазғанбыз.
Қазіргі уақытта ішкі терминал алдындағы автотұрақ аумағында жер жұмыстары жүріп жатыр. Бұл осы алаңдағы қозғалысты уақытша қиындатады. Жұмыстар 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жоспарланып отыр.