Алматыда автотұрақ бағасы қалай өзгереді

Фото: Фото: Айжан Серікжанқызы

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда биыл автотұрақ бағасы қымбаттайды.

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуінде айтқан болатын. 

- Биыл жазғы уақыттан бастап автотұрақтардың бағасы айтарлықтай көтеріледі. Бұл барлық ірі қалалар секілді көліктерді шектеу үшін қажет. Одан бөлек қаланы ауаны ластайтын шығындылар аз болуы тиіс аймақтарға бөлеміз, - деді шаһар басшысы.

Осы орайда, Kazinform агенттігі қалалық мобильділік басқармасына қарасты «Алматы паркинг» мекемесіне тұрақ бағасы қаншалықты қымбаттайтынын сұрап, сауал жолдады.

- Қазір қаладағы әртүрлі аудандарда тұрақ құнын өзгерту мәселесін қоса алғанда, тұрақ орындарын ұйымдастыру мәселесі пысықтау сатысында. Бұл шаралар кешенді жұмысты қажет етеді, - делінген мекеме жауабында.

Сондай-ақ «Алматы паркинг» қабылданған шешім туралы қосымша ақпарат жарияланатынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автотұрақ көбейсе, кептеліс мәселесі қаншалықты шешілетінін сарапшылар айтқан болатын. 

Оған қоса Алматыда екі көпқабатты автотұрақтың жобасы әзірленіп жатқанын жазғанбыз.