Алматыда автотұрақ бағасы қымбаттай ма

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автотұрақ бағасы өсуі мүмкін бе? Бұл сұрақ бойынша Kazinform тілшісі жауапты мекемеге сауал жолдады.

Биыл ақпан айында экология мәселесін жақсартудың 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленіп, оның негізінде жазда автотұрақ бағасы өсетіні хабарланды. 

Осыған орай, Қалалық мобилділік басқармасына қарасты «Алматы паркинг» мекемесіне сауал жолдадық. 

– Бүгінгі таңда қаладағы әртүрлі аумақта автотұрақ құнын өзгерту мәселесін қоса алғанда, автотұрақ кеңістігін ұйымдастыру мәселесі қарастырылу кезеңінде тұр. Бұл шаралар уәкілетті органдармен бірлесе отырып кешенді тәсілді талап етеді, қабылданған шешім туралы қосымша хабарланады, - делінген мекеме жауабында.

Бұған дейін автотұрақтың көбеюі қала өміріне қандай өзгеріс әкелетінін сарапшылардан сұраған едік. 

Урбанист Гүлмира Байғабылованың пікірінше, Алматыдағы жерасты паркингтері мен ақылы автотұрақтар барлық автокөліктерді сыйдыра алмайды. Қолданыстағы 12 500 ақылы автотұрақтың санын екі есе көбейтсе де, бұл жалпы көліктердің тек 3%-ын қамтиды. 

– Адамдар үшін басты көлік құралы – автомобильдің болуы тиімді нәтиже әкеліп жатқан жоқ. Қосымша автотұрақтардың салынуы қайта көліктердің көбеюіне әсер етеді. Себебі, тұрақ табу қаншалықты жеңіл болса, адам негізгі қозғалыс құралы ретінде көлікті соншалықты таңдайды. Нәтижесінде біз шешімі жоқ шеңберде қаламыз: жол инфрақұрылымы ұлғаяды, сонымен бірге автомобиль, кептеліс пен ауаның ластануы да күрделенеді, - деді ол.

Сондай-ақ ақылы автотұрақта тұрған көлік зақымдалса, оған кім жауапты екенін жазғанбыз.