Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою қағидаларын сақтау мәселесіне, оның ішінде тұрғын үй аулаларында тәртіптің сақталуына ерекше назар аударылып отыр.
— Жыл басынан бері автотұрақ ережелерін бұзудың 15 мыңнан астам дерегі тіркелді. Әсіресе, көліктердің көгалға, жаяу жүргіншілер жолына, бордюрларға қойылуы, сондай-ақ абаттандыру талаптарының сақталмауы жиі анықталады. Сонымен қатар төтенше қызметтердің көліктері үшін жолдардың жабылып қалуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Мұндай жағдайлар төтенше сәттерде ауыр салдарға әкелуі мүмкін, — деп атап өтті департаменттен.
Еске салайық, елордадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрт шығып, төтенше жағдай қызметкерлерінің оқиға орнына жетуіне автотұраққа дұрыс қойылмаған көлік кедергі жасады. Кейін ережені бұзған жүргізуші жауапкершілікке тартылды.