Алматының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, қалалық автотұрақтарда сағатына 100 теңге тарифі қолданылып келеді. Бірақ келесі айдан бастап бұл баға өзгереді. Себебі кейінгі 10 жылда қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, бұл көше-жол желісі мен автотұрақтарға түсетін жүктемені айтарлықтай арттырған.
- Өзгерістердің негізгі мақсаты – бос автотұрақ орындарының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қала тұрғындары мен қонақтарына тұрақ қоюды ыңғайлы ету. Қазір жүргізушілер автотұрақ іздеуге көп уақыт жұмсайды. Бұл өз кезегінде жолдағы көлік қозғалысына қосымша салмақ түсіреді, - деп хабарлады ведомстводан.
Жаңа тәртіпке сәйкес, көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалады. Автотұрақтарға сұраныс орташа аумақтарда сағатына 150 теңге белгіленеді. Ал тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары, сұраныс ең көп аймақтарда тариф сағатына 200 теңге болады.
Бұл ретте іргелес үйлердің тұрғындары тұрғылықты жері бойынша автотұрақтарды тегін пайдалана алады. Ол үшін тұрғындар өзінің тұрғын үйіне жақын орналасқан автотұрақты таңдап, бір көлікті тегін қоюға арнайы рұқсат рәсімдеуі қажет.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, сараланған тарифті енгізу автотұрақ орындарының айналымын арттырып, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік бермек.
Еске салайық, бұған дейін қалалық мәслихат сессиясында депутаттар автотұрақтың жаңа тарифін бекітті.
Одан бұрын коммуналдық автотұрақтардың жалпы саны 17 мыңнан 25 мыңға дейін көбейетінін жазғанбыз.
Үй жанындағы тұраққа көлікті тегін қою үшін қалай өтініш беру керек? Толығырақ сілтемеде.