Алматыда автожөндеу зауыты мемлекетке қайтарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда төмен бағамен сатылған зауыт мемлекет меншігіне өтті. Алматы прокуратурасы «832 авторемонтный завод КИ» АҚ акцияларының 100 пайызын қайтарды.

Фото: Ақорда

«Қала прокуратурасы аталған акционерлік қоғамның жалғыз акционері активтердің құнын 310 миллион теңгеге төмендетіп, оны заңды тұлғаға сатқанын анықтады. Осы факті бойынша Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мәмілені жарамсыз деп тану туралы прокуратураның талап арызы қанағаттандырылды», - деп атап өтті ведомстводан.

Осылайша, 2,5 мың шаршы метр және 1,87 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Бұған дейін ауданы 3974 шаршы метр және 50 сотық жері бар бұл кешенді Алматы қаласының бұрынғы әкімі В. Храпунов жеке құрылымдарға заңсыз бергені туралы жазған едік.