Алматыда әйелдің ішінде дәке қалып қойған: ішегінің бір бөлігін алып тастауға тура келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда кесарь тілігі жасалғаннан кейін әйелдің іш қуысында дәке майлығы қалып қойған.
Дәрігерлер кесарь тілігі кезінде ұмытып кеткен бұл зат жас әйелдің ішінен тоғыз ай өткен соң табылған. Бұл туралы зардап шеккен әйелдің мүддесін қорғаушы заңгер Анна Чернова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылы тамыз айында азаматша В. Алматыдағы № 2 қалалық емханада (Қалалық перинаталдық орталық) үшінші баласын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелген. Отадан кейінгі келесі күні-ақ әйел ішінің қатты ауыратынын айтып, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасауды сұраған.
Алайда заңгердің сөзінше, тексеру үстірт жүргізіліп, бірнеше күннен кейін жаңа босанған ананы «бәрі дұрыс» деп, үйіне шығарған.
Үйіне келгеннен кейін әйелдің жағдайы нашарлай түскен. Іші үнемі ауырып, салмақ тастап, тәбеті қашып, ұйқысы бұзылған. Салдарынан жаңа туған сәбиіне қарауға шамасы болмаған.
— Ол жеке клиникаларға қаралды, ондаған тексерулерден өтті, қомақты қаражат жұмсады, бірақ бәрі нәтижесіз болды. Диагноздар әртүрлі болды, бірақ ешбір дәрігер оның нақты себебін таба алмады. Тек 2025 жылдың мамыр айында жасалған КТ (компьютерлік томография) жамбас қуысында белгісіз түзілісті көрсетті. Дәрігерлер ісік деп күдіктеніп, әйелді шұғыл ауруханаға жатқызды. Тіпті хирургтер де ішінен не табыларын болжай алмады, — деді заңгер Чернова.
Осы жылдың 3 маусым күні шұғыл жасалған операция кезінде дәрігерлер әйелдің іш қуысынан кесарь тілігі кезінде ұмыт қалдырылған дәке майлықты тапқан.
— 9 ай бойы жатқан дәке іріңді қабынуға, перитонитке әкеліп, ішкі ағзаларды зақымдаған. Соның салдарынан ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келді, — деді заңгер.
Чернованың айтуынша, бұл — босану мекемесінде жіберілген өрескел немқұрайлық. Пациент сотқа жүгінбек.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жайтқа байланысты түсініктеме берді.
— Бұл жағдайға байланысты Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне тексеру жүргізу туралы өтініш жолдады. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады, — делінген басқарма таратқан мәліметте.
Бұған дейін Алматыда 46 жастағы әйел № 28 емхананың күндізгі стационарында егілген дәріден кейін комаға түскені туралы жазғанбыз.