Алматыда азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріледі

Фото: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қ. филиалынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеңілдетілген несиеге өтініш қабылдау басталды.

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 0,01% мөлшерлемемен несие береді. Қала әкімдігінің мәліметінше, қаражатты шикізат сатып алуға, қызмет ақысын төлеуге, жалақы төлеуге және логистикалық шығындарды өтеуге болады.

– Қаржыландыру алған өндірушілер мен сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу және келісілген мерзім ішінде дүкен сөрелеріндегі бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұру жөнінде міндеттеме алады. Несие мерзімі – 3 айдан 3 жылға дейін, - делінген хабарламада.

Өтініш 2026 жылы 20 ақпанға дейін қабылданады. Қаржы бөлу туралы шешімді Алматы әкімдігі жанындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиссия қабылдайды.

Кәсіпкерлер жеңілдетілген несиелердің шарттарымен «Алматы» ӘКК-нің ресми сайтында таныса алады. https://spkalmaty.kz/

Еске салайық, бұған дейін Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының бір аптадағы жағдайы қаралған еді.