Алматыда бала жұтып қойған үш магнит асқазан мен ішекті жалғап жіберген

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 5 жастағы бала үш магнит жұтып қойып, сирек кездесетін қауіпті асқынуға тап болды. Магниттердің әсерінен оның асқазаны мен аш ішегінің арасында патологиялық байланыс — магниттік жыланкөз қалыптасқан.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Оқиға Алматыдағы № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында анықталды.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, магниттер ұзақ уақыт бойы баланың асқазан-ішек жолында болған. Күшті магниттік тартылыс салдарынан асқазандағы бір магнит пен аш ішектегі екі магнит мүшелердің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылған.

Ота кезінде дәрігерлер асқазан мен аш ішек арасында жыланкөз пайда болғанын анықтады. Ұзақ уақытқа созылған қысым тіндердің зақымданып, ойылған.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Хирург, Алматыдағы № 2 БҚКА директорының орынбасары Марат Қаптағаевтың айтуынша, ота бастапқыда лапароскопиялық әдіспен басталған. Алайда зақымданудың сипаты анықталғаннан кейін баланың қауіпсіздігі үшін хирургтар ашық ота жасауға шешім қабылдаған.

— Жыланкөз жойылып, үш магниттің барлығы алынды. Зақымданған тіндер кесіліп, тігіліп қалпына келтірілді. Құрсақ қуысына санация жасалып, дренаж қойылды. Ота сәтті аяқталды. Жүргізілген емнен кейін баланың жағдайы жақсарды. Ауруханадан шығарылған кезде оның жалпы жағдайы қанағаттанарлық болды, операциядан кейінгі жараларда қабыну белгілері байқалмады, — деді хирург.

Алматыдағы № 2 БҚКА директоры Марат Рабандияров бұл жағдай балалар үшін шағын магнитті ойыншықтардың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсеткенін атап өтті.

— Бірнеше магнит жұтылған жағдайда олар асқазан-ішек жолының әртүрлі бөліктерінің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылып, ойық жаралардың, тесілулердің, жыланкөздердің, ішек өтімсіздігінің және перитониттің дамуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарды баланың магнит жұтып қойғанына күмән туған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырамыз. Уақытылы көрсетілген көмек ауыр әрі өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді, — деп түйіндеді Марат Рабандияров.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі жасар бала 31 магнит жұтып қойғанын жазғанбыз.