Алматыда балалар фестиваліне байланысты Төле би көшесі уақытша жабылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Төле би көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Қала әкімдігінің мәліметінше, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өтетін «Бала Fest–2026» фестиваліне байланысты сағат 08:00–ден 17:00–ге дейін Төле би көшесінің Назарбаев даңғылы мен Абылай хан даңғылы аралығындағы бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

— Жүру бағытыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, Төле би көшесінің бойында орналасқан Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова атындағы саябақта 1 маусым күні сағат 12:00–16:00 аралығында «БАЛАFEST — 2026» фестивалі өтеді.

Одан бөлек мегаполистің әр ауданында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.