Алматыда балалар үйінен кетіп қалған екі қыз іздестіріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда екі тәрбиеленуші балалар үйінен қашып кеткен.
Волонтерлер мәліметінше, іздестіріліп жатқан қыздардың бірінің жасы 14-те, екіншісі 16-да.
Алматы қаласының полиция департаменті балалар мекемесінен екі тәрбиеленушінің өз бетімен кетіп қалу дерегі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы іздестіру ісін қозғағанын хабарлады.
— Бұған дейін де кәмелетке толмағандар мекемеден бірнеше рет кетіп қалған, әр жолы олар полиция қызметкерлерінің күшімен табылып, қайтарылған. Қазіргі уақытта олардың қайда екенін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар қалалық полиция осыған ұқсас жағдайлар бойынша мекеме басшылығымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары бұған дейін де жүргізілгенін мәлімдеді
— Тәрбиеленушілерге бақылауды күшейту қажеттігі ескертілген, — деп хабарлады полиция.
Еске салайық, «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері жөндеу кезінде Алматыда оқуын жалғастыратынын жазғанбыз.