Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына педиатр, стоматолог, травматолог, инфекционист, невропатолог, ЛОР дәрігері, акушер-гинеколог және өзге де салалық мамандар тегін кеңес береді.
- Сонымен қатар қаладағы медициналық ұйымдарда профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шаралары, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған пікір алмасу алаңдары, сурет байқаулары мен мәдени-көпшілік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл бастамаға салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтары да атсалысады, - деп хабарлады басқармадан.
Ведомство өкілдері ерекше қажеттілігі бар балалар мен диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Олар үшін көмектің қолжетімділігі кеңейтіліп, ерекше қажеттілігі бар балаларға үй жағдайында көшпелі медициналық тексерулер жүргізіледі.
Ашық есік күндерінің толық бағдарламасымен тұрғындар Алматыдағы медициналық ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан, сондай-ақ емдеуші дәрігерлерінен біле алады.
Еске салайық, бұған дейін Балалардың жазғы демалысын жақсы ұйымдастырған өңірлер аталды.