Алматыда Балалардың құқығын қорғау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы әкімінің өкімімен Жанат Айтбаева қалалық Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, Жанат Айтбаева 1968 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жоғары педагогикалық және экономикалық білімі бар. Педагогика ғылымдарының кандидаты, экономика және бизнес магистрі.
Білім беру және мемлекеттік басқару саласындағы жалпы еңбек өтілі 35 жылдан асады. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, әр жылдары білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған.

Шығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығын, Өскемен қалалық білім бөлімін басқарған. Сондай-ақ, Astana IT University проректоры, «Алматы дарыны» КМҚК директоры және Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2025 жылы қыркүйектен бері Алматы қаласы әкімдігі аппаратының идеологиялық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы қызметінде болды. Білім беруді басқару және педагогикалық көшбасшылық мәселесіне арналған оқулықтар, оқу құралдары мен ғылыми монографиялардың авторы әрі тең авторы.

Еске салайық, бұған дейін Алматының білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды.