Алматыда балаларға арналған алғашқы ғылым музейі 2026 жылдың жазында ашылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігінде балаларға арналған ғылым музейі жобасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өтті.

Әкімдік мәліметіне сәйкес, музей балаларға ғылымды кеңінен насихаттайтын алаңға айналады. Жоба Singapore Science Centre Global халықаралық франшизасы аясында Kingsmen Exhibits компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып отыр. Болашақ музей білім беру орталығы ғана емес, мектеп, колледж және университет бағдарламаларына заманауи ғылыми жетістіктерді енгізетін платформа болмақ.

Фото: Алматы әкімдігі

— Бүгінде бұзу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, инженерлік зерттеулер қолға алынған. Ғимарат құрылымдарын сейсмикалық талаптарға сәйкес нығайту жұмыстары қарқын алды. Сонымен қатар халықаралық және жергілікті сарапшылардың атсалысуымен музейдің білім беру және көрме мазмұны дайындалып жатыр. Институционалдық даму мәселесі қарастырылып, халықаралық әріптеспен ынтымақтастық бағыттары талқылану үстінде, — деп хабарлады әкімдіктен.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында аяқталып, маусым айына салтанатты ашылу рәсімі жоспарланғанын мәлімдеді.

Еске салайық, 2024 жылы Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «Алмалы» сауда орталығында балаларға арналған Ғылым музейі ашылатыны хабарланды.

Кейін Алматыда ТМД аумағындағы алғашқы Ғылым музейінің құрылысы қашан басталатынын жазғанбыз.