Алматыда балаларға арналған тегін үйірмелерге жазылу жүріп жатыр

Фото: Астана қаласы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда балаларды шығармашылық және спорттық үйірмелерге тіркеу басталды, деп хабарлайды DamuBala порталы.

Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс бағдарламасы шеңберінде балаларды тегін шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуы үшін кезекке жазылуға өтініштер қабылданады.

Жүйеге жүктемені азайту үшін жазба Алматы қаласының аудандары бойынша келесі кесте бойынша ашылады:

2025 жылғы 30 Қыркүйек, 11:00 — Әуезов ауданы;
2025 жылғы 30 Қыркүйек, 18:00 — Медеу ауданы;
2025 жылғы 1 қазан, 11:00 — Жетісу ауданы;
2025 жылғы 1 қазан, 15:00 — Алатау ауданы;
2025 жылғы 2 қазан 15:00 — Түрксіб ауданы.

Орындар саны шектеулі және тек бөлінген бюджет шегінде айқындалады. 

— Ата-аналардан жазба ережелерімен мұқият танысып, жүйені өз бетінше пайдалануды сұраймыз. Өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) және жеке кабинетке кіруді үшінші тұлғаларға беруге үзілді-кесілді тыйым салынады. Осы ережені бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген. Рәсімнің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін полиция департаментімен бірлесіп бұзушылықтар мен теріс қылықтардың алдын алу бойынша шаралар қабылданып жатыр, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, қаланың қалған аудандары бойынша кезекке жазылу мерзімі мен тәртібі туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады.

Бұған дейін есту қабілеті бұзылған балаларға арналған спорт секцияларының саны көбейетіні анықталды.