Алматыда баламен жұмыс істейтін мекемелер ескертусіз тексерілетін болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда балалардың құқығын қорғау жүйесіне жаңа тәсіл енгізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева айтты.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Оның сөзінше, баланың құқығын қорғау басқармасының құрылуы – кезекті әкімшілік реформа емес, қайта баланы қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңі.

- Алғаш рет заңнамалық деңгейде балалардың құқығын қорғайтын өңірлік уәкілетті органдардың мәртебесі бекітіліп, олардың өкілеті, функциясы мен жұмыс тетігі нақты айқындалды. Осылайша мемлекет бала құқығының бұзылуын дер кезінде анықтап, әр баланы кешенді түрде қорғауға мүмкіндік беретін құқықтық негіз қалыптастырып отыр, – деді Жанат Айтпаева.

Жаңа басқарма қызметкерлеріне балалары бар мемлекеттік органдарға, мектептерге, балабақшаларға, медициналық және әлеуметтік мекемелерге кедергісіз кіріп, балалардың құқығының сақталуын бақылайтын құқық берілді. Олардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сондай-ақ мегаполисте кейс-менеджмент жүйесі енгізілді. Көмекке мұқтаж әр балаға кейс-менеджер бекітіледі. Ол отбасын сүйемелдейтін жеке жоспар әзірлеп, психологтардың, педагогтердің, әлеуметтік қызметкерлердің, медицина мамандары мен құқық қорғау органы қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырады, сондай-ақ барлық қолдау шараларының орындалуын бақылайды.

Жанат Айтпаеваның айтуынша, жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру. Сонымен қатар қалада «Алматы – қауіпсіз балалық шақ» атты мекемеаралық жоба іске қосылады. Оған полиция, прокуратура, салалық басқармалар, аудандық әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.

- Жаңа оқу жылынан бастап мектепте жаңа пәндер енгізіледі. 5–7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» курсын, ал 8–9-сынып оқушылары «Заң мен тәртіп» пәнін оқиды. Сонымен қатар «Жеке қауіпсіздік» бағдарламасы толық жаңартылады. Сабақта балаларға буллинг пен кибербуллингке, интернет-алаяқтыққа қарсы тұру, жеке деректерін қорғау мен қауіпті жағдайда дұрыс әрекет етудің жолын үйрете бастайды, - деді ведомство басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Балалардың құқығын қорғау басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазғанбыз.