Лотқа өтінім қабылдау бүгін, 4 маусым күні ашылды және 9 маусымға дейін жалғасады. Жоба құны — 2 976 119 950 теңге, ал тапсырыс беруші мекеме — Алматы метрополитені.
Хабарландыруда көрсетілген техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, бірінші метро желісінің үшінші бағыты «Қалқаман» станциясынан батыс бағытта Абай даңғылы бойымен Алатау даңғылына дейін, одан солтүстік бағытта Алатау даңғылы бойымен Райымбек даңғылына дейін, әрі қарай батыс жаққа қарай «Барлық» базарына дейін жалғасады. Метро бекеттердің орналасуы:
№ 1 станция — Абай даңғылынан солтүстіктегі Алатау даңғылы бойында;
№ 2 станция — Төле би көшесінен солтүстіктегі Алатау даңғылы бойында;
№ 3 станция — «Барлық» базарының аумағында, Райымбек батыр даңғылының оңтүстігінде, Алатау даңғылының батысында.
Еске салайық, биыл ақпан айында «Қалқаман» метро бекетіне дейінгі туннель толық қазылды. Ол жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Лотта көрсетілген метро желісі осы станцияның жалғасы ретінде салынады.
Бұған дейін Алматы әкімі алдағы 3 жылда метро «Барлық» базарына дейін жететінін айтты.
Сондай-ақ қазір қолданыстағы Алматы метросының бекеттерінде платформалық есіктерді орнатылатынын жазғанбыз. Оған 7 млрд теңге жұмсалады.