Алматыда Барлық базарына дейінгі метро желісінің құрылысы басталды - қала әкімі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қолданыстағы метро желісі «Барлық» базарына дейін ұзартылады.

Фото: видодан алынған скрин

Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті LI (51-ші) сессиясы өтті. Оған қатысқан Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалада іске асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды.

Қала басшысының айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін «Қалқаман» метро бекеті ашылады. Сондай-ақ бұл станциядан «Барлық» базарына дейінгі желінің құрылысы басталған.

— Метрополитенді кезең-кезеңмен дамытып келеміз. «Барлық» станциясына дейінгі метро желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желіні жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Алматы әкімі көлік инфрақұрылым дамытудың келесі маңызды кезеңі — Skytrain екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл жоба келесі жылы қолға алынады.

Сессия барысында Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов қала басшысы атап өткен жобаларға қанша қаражат қарастырылғанын нақтылады.

Оның сөзінше, «Қалқаман» бекетін іске қосу жұмыстарына 1,1 млрд теңге бөлінеді. Ал «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейінгі метро желісінің құрылысына жергілікті бюджеттен 243 млн теңге, ал инфрақұрылымды дамыту қорынан 45 млрд теңге жұмсалады. «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі екінші желінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150 млн теңге қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы метросы үш бағытта қалай ұзартылатынын жазғанбыз.

Сондай-ақ Райымбек даңғылындағы BRT құрылысы Almaty SkyTrain жобасын іске асыруға байланысты кейінге шегерілгенін жазған едік.