Алматыда бас шыршаның шамдары жағылды

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Дәстүр бойынша жаңа жылдық шырша шамы Тәуелсіздік мерекесінен кейін жағылды. Бас шырша республика сарайы алдындағы Абай алаңында орнатылды.

Жаңа жылдың басты символының биіктігі - 25 метр. Шырша 6 шақырым гирлянда, сәндік элементтер, шырша шарлары, ірі банттар және қайта өңделген экологиялық қауіпсіз материалдардан жасалған жаңа жылдық ойыншықтармен безендірлген.

Фото: Алматы әкімдігі

Бас шыршаны жағу рәсімінде Роза Рымбаева, Тұрар, Балжан Бидаш, «Альфа» тобы, Динара, Назым Әділдина, Мәди Рымбаев, Dakelot, «Астра» тобы, Adill және Malika Yes және басқа да эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Мерекелік шараға жиналған 8 мыңнан астам алматылық пен мегаполис қонақтары қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен тамаша шоудың куәсі болды.

Фото: Алматы әкімдігі

Бұдан бөлек, Абай алаңына келген қала тұрғындары мен қонақтарын Күлбике күймесі, Зімбір адам және басқа да ертегі кейіпкерлері қарсы алады. Ірі әрі жарқын фотозоналар, жарқыраған субұрқақтар және басқа да инсталляциялар халыққа ерекше мерекелік атмосфера сыйлап жатыр.

— Мен жас өнерпаздарды құттықтап, қолдау көрсету үшін келдім. Өте әдемі шырша. Мереке жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Қойылымдар керемет болды, ауа райы да тамаша болып тұр, — дейді мегаполис тұрғыны Сергей.

Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ, жаңа жылдық шыршалар мегаполистің барлық ауданында жағылды. Олардың саны — 80.

Сонымен қатар, Абай алаңында 2024 жылдың 20 желтоқсанынан 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін мерекелік жәрмеңке өтеді.

Мұнда қолөнер бұйымдары, кәдесыйлар және жаңа жылдық ойыншықтар ұсынылады.

Фото: Алматы әкімдігі