Алматыда Бәтима Зәуірбекованың мерейтойына арналған «Мұра жіптері» көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер мұражайында қазақ гобелен өнері мектебінің негізін қалаушы, суретші Бәтима Зәуірбекованың туғанына 80 жыл толуына арналған «Мұра жіптері» көрмесінің ашылуы өтті. Келушілер назарына суретшінің музей қорындағы және отбасылық мұрағатындағы 80-нен астам туындысы ұсынылды.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Бәтима Есмұратқызы Зәуірбекова — «Отан» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. Ол дәстүр мен заманауи көркем тілді ұштастыра отырып, қазақ өнерінде гобеленнің пайда болуына ықпал етті.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Гобелен — арнайы станокта түрлі түсті жіптерді тоқу арқылы жасалатын кілем-картина. Қазақстанда гобелен XX ғасырдың екінші жартысында дами бастады. Суретшілер кілем тоқу мен киіз басу мәдениетін жаңа қырынан танытып, ұлттық ою-өрнекті заманауи бейнелеу тәсілдерімен ұштастырды. Осылайша қазақстандық гобелен мектебі қалыптасты. Бәтима Зәуірбекова сол мектептің дамып, жалғасын табуына ықпал еткендердің бірі болды.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Гобелен көркемдік техника ретінде Еуропадан келгеніне қарамастан, Зәуірбекова оны қазақы мазмұнмен толықтырып, ұлттық ою-өрнек элементтерін, табиғат, адам және дәстүрлі мәдениет бейнелерін қолданған.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Зәуірбекова өз шығармаларында ұлттық мәдениет, отбасы және ұрпақтар арасындағы сабақтастық тақырыбын қозғайды. Әсіресе, қазақ әйелі бейнесіне жіті мән беріп, сұлулық, махаббат, ана болу идеясын көрсеткен.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Ә.Қастеев атындағы мұражайдың директоры Гүлайым Жұмабекованың сөзінше, Бәтима Есмұратқызының өзіндік қолтаңбасы бар. Сондай-ақ оның таланты анасы Бибіханнан дарығанын айтады. Анасы талантты халық шебері болған және қызына дәстүрлі қолөнердің алғашқы сабақтарын үйреткен.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

— Гобелен — өте күрделі өнер. Бұл туындыларды жарыққа шығару үшін сабырлық пен шыдамдылық, сондай-ақ ыждағаттылық керек. Мұның бәрі суретшінің бойынан табылды. Гобеленнен бөлек оның графикалық, кескіндеме, жүннен жасалған жұмыстары да бар. Бәтима Зәуірбекованың туындыларына тән басты ерекшеліктердің бірі — музыкалық ырғақ. Оның ұстаздарының өзі оның композицияларындағы бейнелілік пен музыкалық ырғақты ерекше атап өткен, — деді Гүлайым Жұмабекова.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

«Мұра жіптері» көрмесі 2026 жылғы 25 қыркүйек пен 8 қараша аралығында ұйымдастырылады.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер кафедрасының меңгерушісі Наталия Баженова көрменің «Мұра жіптері» деп аталуы тек гобелен техникасына емес, мәдени тәжірибені жеткізуіне де қатысты дейді.

— Тоқыманың өзі гобеленді қалыптастыратын негізгі және арқау жіптерден тұрады. Ал қазақ шеберлерінің өнерінде тоқымашылық жетекші орындардың бірін иеленген. Ұрпақтар сабақтастығын да мұраның жібі ретінде көрсетуге болады. «Мұра жіптері» — бұл біздің дәстүріміз, яғни келешек ұрпаққа құндылық ретінде жеткізуіміз керек дүниелер. Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері өте ауқымды әрі терең, — дейді Наталия Баженова.

Көрме үш залдан тұрады

Бірінші зал сәндік-қолданбалы өнерге арналған. Онда Зәуірбекованың шығармашылық жолы баяндалады. 

Екінші залда суретшінің шығармашылығының әр кезеңіне тиесілі туындылар топтастырылған. Мұнда стилі жағынан жақын туындыларды көруге болады.

Үшінші зал қазақ әйелінің бейнесіне негізделген. Қазақ әйелі бейнесін шаңырақтың астында орналасқан. Оның айналасында қазақ аруларының портреттері тұр.

Одан бөлек суретші туралы деректі фильм көрсетіліп, мұрағаттық фотосуреттері ілінген. Бұдан бөлек, оқу-жаттығу тоқыма станогы қойылды.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Бәтима Зәуірбекова туындысына шетелдіктер де қызықты

Суретшінің туындылары тек елімізде емес, Франция, Түркия, Италия елдерінде көрмеге қойылған.

Көрме аясында Бәтима Зәуірбекованың шығармашылығы жайында үш басылым жарық көрді. Бір кітапты француз зерттеушісі әрі журналист Яффа Ассулин жазған. Ол көрменің ашылуына Еуропадан келді.

– Мен үшін сұлулық жай ғана әсемдік немесе сәндік элемент емес. Ол тарихты сақтайды, белгілі бір мағынаны үндейді, тіпті өркениет тарихын баяндайды. Бәтима Зәуірбекованың шығармашылығы да дәл осындай. Оның туындыларынан сыртқы және ішкі жарықты байқауға болады. Бұл заманауи өнердің ауқымды әрі ұзақ тарихының бір бөлігі деп санаймын. Оның жұмыстарындағы түс, геометрия, композиция мен кеңістік Матисс, Кандинский сынды шеберлердің шығармаларымен үндесіп тұрғандай. Соған қарамастан ол ерекше. Өз қазақи қолтаңбасы байқалады. Өйткені оның бойында эмоциялық қуат бар, — деді Яффа Ассулин.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Кітап авторының айтуынша, Бәтима Зәуірбекованың туындыларынан кейін ол қазақ өнеріне қызыға бастады.

— Қарқыны үдеп жатқан әлемде Зәіурбекованың туындылары байыптылықты еске салады. Оның шығармашылығы арқылы мен Қазақстанды танып, бұл елді жақсы көріп кеттім, — деді автор.

Екінші басылым — Ресейлік Алина Федорович дайындаған каталог. Ал үшінші кітаптың авторы — белгілі қазақстандық өнертанушы Шайзада Жаппарова.

Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

 

Мұражай директоры Гүләйім Жұмабекова бұл көрменің маңызына тоқталды. 

— Басты мақсатымыз — көрме арқылы мәдени құндылығымызды дәріптеп, ұрпаққа насихаттау, оның ғылыми түрде зерттелуіне ықпал ету, — деді ол.

Еске салсақ, Алматыда Батима Зәуірбекованың 80 жылдығына арналған «Мұра жіптері» көрмесі өтетіні хабарланды.