«Алматы жылу желілері» жауапркершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметінше, 12 маусым мен 15 қыркүйек аралығында Байқадамов көшесінде Розыбакиев көшесінен Гагарин даңғылына дейін, сондай-ақ Радостовец көшесінде Байқадамов көшесінен Журавлев көшесіне дейін көлік қозғалысы шектеледі.
«Қозғалыс екі жаққа да жабылады. 1984 жылдан бастап пайдалануға берілген, аталған көшенің жүріс бөлігінің астынан өтетін жалпы ұзындығы 1220 метр құбырды қайта жаңарту учаскесінде жоспарлы жұмыс жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шектеу енгізіледі. Бұл құбыр 97 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 жеке үйді, 4 балабақшаны, 2 денсаулық сақтау нысанын және 27 өзге де нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Аталған аумақтағы тұтынушыларға реконструкция кезінде ыстық су беру тоқтатылмайды», — деп түсіндірді «Алматы жылу желілері» ЖШС.
Айта кетейік, биыл мегаполисте ұзындығы 250 шақырым болатын 274 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.