Алматыда Байқадамов пен Гагарин көшелерінің қиылысы жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Байқадамов пен Гагарин көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы шектеледі.
19 шілде түнгі сағат 23:00-ден 22 шілде таңғы сағат 9:00-ге дейін Байқадамов пен Гагарин көшелерінің қиылысы екі бағытта да жабылады.
«1984 жылы пайдалануға берілген, аталған көшенің жүріс бөлігінің астынан өтетін ұзындығы 1 220 метр құбырды реконструкциялау учаскесінде жоспарлы жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шектеулер енгізіледі», - деп хабарлады «Алматы жылу желілері» ЖШС.
Бұл құбыр 97 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 жеке үй, 4 балабақша, 2 денсаулық сақтау объектісін және өзге де 27 нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жоғарыда көрсетілген тұтынушлар реконструкция кезінде ыстық сумен жабдықталады.
«Уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды және көрсетілген учаскені айналып өту жолдарын алдын ала қарастыруды сұраймыз», - деп хабарлады Алматы жылу жүйесі.
Айта кетейік, биыл мегаполисте ұзындығы 250 шақырым болатын 274 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.