«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС sauda.е-qazyna порталында «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығын ашық электрондық саудаға қойған болатын. Аукцион бүгін, 7 тамыз сағат 12:00–де өтіп, нысан 24 772 753 285 теңгеге сатылды. Алайда базардың жаңа иесінің есімі көрсетілмеді.
Еске салайық, 2024 жылы Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базарының бір бөлігі мемлекетке қайтарылды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Алматы жылу» холдинг кешенінің (қазіргі «Байсат» базары) мүлкімен жасалған барлық мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешім шығарды.
Оған дейін сотқа дейінгі тергеу аясында Қайрат Сатыбалды «Байсат» базарының басым бөлігін өз еркімен қайтарып берген болатын.
Нысан «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның меншігіне берілді. Компания алғаш рет «Байсатты» 2025 жылдың қыркүйек айында аукционға шығарды. Ол кезде нысан 28,6 млрд теңгеге бағаланды. Алайда мұндай қомақты қаражатты төлеуге дайын сатып алушы табылмады.
2025-2026 жылдардың ішінде тағы бірнеше аукцион өтсе де, базарды ешкім сатып алмады. Ал ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков нысан алдағы уақытта сатылмаса, Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілуі мүмкін екенін айтты.