Алматыда Байзақов көшесінің бөлігінде 2 аптаға қозғалыс шектеледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Шевченко мен Байзақов көшелерінің қиылысында инженерлік желі тарту жұмыстары басталады.

Фото: Алматы әкімдігі

Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, 31 тамыз бен 14 қыркүйек аралығында Алмалы ауданында салынып жатқан «Шевченко-Байзақов» тұрғын үй кешеніне жылу, су құбыры және су бұру желілерін тарту жұмыстары жүргізіледі.

Осыған байланысты Байзақов көшесінің Жамбыл көшесінен Шевченко көшесіне дейінгі бөлігінде автокөлік қозғалысы ішінара шектеледі.

- Жылу жүйесі Жамбыл көшесі, 168а мекенжайындағы қосылу нүктесінен салынып жатқан ғимаратқа дейін тартылады. Су құбыры және су бұру желілері Байзақов көшесі, 232 мекенжайындағы қосылу нүктелерінен нысанға дейін жүргізіледі. Инженерлік желілерді тарту жұмыстарын Qazaq Stroy компаниясы жүзеге асырады. Жоба аясында кәріз желілерін монтаждау және кейіннен аумақты көркейту жұмыстары да қарастырылған, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін Абай даңғылы Саин көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта 1 қыркүйекке дейін ішінара жабылатынын жазғанбыз.

Одан бөлек Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстарына байланысты Әшімов көшесінің бөлігі де қыркүйекке дейін жабылды.