Алматыда бес көше ұзартылады
Мегаполисте Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосылатын бес радиалды көшені ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Жоба бойынша Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына Саин, Тілендиев, Солтүстік айналма көшелері мен Рысқұлов және Абай даңғылдары қосылуы керек.
Қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан атап өткендей, жалпы ұзындығы 3,2 км Саин көшесін ұзарту жұмыстары 65% аяқталды.
«Осы жоба бойынша 66 жер учаскесін алу қарастырылып жатыр, оның 65-і бүгінгі күні сатып алынған. Жұмыс біртіндеп жүргізілуде. Жұмыстарды жүргізу кестесі бойынша Рысқұлов даңғылынан Мөке би көшесіне дейін Саин көшесін ұзартуды аяқтау және пайдалануға беру 2024 жылдың қыркүйегіне жоспарланған», - деді ол Алматы қаласы мәслихатының отырысында.
Сондай-ақ Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Оның жалпы ұзындығы – 2,3 км. Ернұр Әбжаханның айтуынша, бұл жоба бойынша жұмыстар енді басталды.
«Жобада 274 жер учаскесін алу көзделген. Бүгінгі таңда 56 учаске бойынша қаулы қабылданды. Бұл бағытта жер қатынастары басқармасының жұмысы жалғасуда. Нысанды аяқтау және іске қосу 2025 жылға жоспарланған», - деді ол.
Абай көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуға келетін болсақ, жоспарланған жұмыстардың 5,3 км, 4,7 км жол жұмыстары жүргізілді, оның бір бөлігі пайдалануға берілді.
«Бұл жоба ЖСҚ түзету сатысында тұр, қазір мемлекеттік сараптамадан өтудеміз. 2024 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары бастап, 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар», - деді Ернұр Әбжахан.
Ол Тілендиев көшелері мен Солтүстік айналма жолдың бойында қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленіп жатқанын, оның аяқталуы 2024 жылдың соңына жоспарланғанын атап өтті.
«Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» бойынша барлық жұмысты 2027 жылға дейін аяқтау жоспарланған.