Алматыда бейбіт митинг өткізілетін орын өзгеруі мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін белгіленген арнайы орын өзгеруі мүмкін.

Фото: freepik.com

Ашық НҚА сайтында Алматы қаласы мәслихатының «Алматы қаласындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, сондай-ақ арнайы орындарды пайдалану тәртібін айқындау туралы» 2020 жылғы 23 маусымдағы №462 шешіміне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс орналастырылған.

Жоба 24 шілдеге дейін Ашық НҚА сайтында ашық талқылауда болады. Ол бойынша бейбіт шерулерге арналған аймақты Шоқан Уәлиханов атындағы скверден (1000 адамға арналған) Амангелді Иманов атындағы скверге (500 адамға арналған) көшіру ұсынылады.

Сондай-ақ Шевченко көшесімен өтетін қолданыстағы шеру маршруты Гагарин даңғылы мен Мұқанов көшесі арасындағы Жамбыл көшесінің бойындағы жаңа маршрутқа ауыстырылады.

Жоба бойынша "Сары-Арқа" кинотеатрының артындағы алаңның сыйымдылығын 500-ден 1000 адамға дейін өзгерту жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 11-12 шілде күндері жол қозғалысы ішінара шектелетінін жазған едік