Алматыда биыл 100 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Алматыда тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша жұмыстар қарқынды жалғасып келеді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты — азаматтар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі энергия тиімді тұрғын үй ортасын құру.
Бағдарлама бірнеше маңызды бағыттан тұрады:
— Көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу: Шатыр ауыстыру, жертөлелерді жөндеу және инженерлік жүйелерді жаңарту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіледі.
— Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту: Жылу, су және кәріз жүйелерін жаңарту үдерісін оңтайландырып, коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
2024 жылы 100 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жүргізіп, 100 жеделсаты жабдықтарын ауыстыру көзделген.
«Биыл 100 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстарына келісімшарттар жасалды. Қазір 46 үйде жұмыс аяқталды, 54 үйде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. 45 үйде 87 жеделсаты ауыстыруға келісімшарттар жасалды. Бүгінде 3 үйде 4 жеделсаты жаңартылды. Қалған үйлерде ауыстыру жұмыстары жалғасуда», — деп атап өтті Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
Айта кетейік, 2011 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы басталғаннан бері 1070 үй жөндеуден өтті, 1023 үйде 2155 жеделсаты ауыстырылды.
Мемлекеттік жаңғырту бағдарламасы аясында тұрғындар жөндеу жұмыстарын өткізу үшін өтініш бере алады. Ол үшін меншік иелерінің 51% дауысын жинап, өтініш беру қажет.
Жөндеу жұмыстарының құны коммуналдық төлемдерге қосылады және мемлекетке қайтарымды негізде өтеледі.
Бұған дейін, күннің суытуына байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшкені белгілі болды.
Сондай-ақ, Алматыда қала маңына қатынайтын тағы бір жаңа автобус бағыты ашылғаны хабарланды.