Алматыда биыл 100 шақырым тау соқпағы абаттандырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тау соқпақтарын абаттандыру қолға алынды.
2025 жылы Алматы қаласы Туризм басқармасы ұзындығы 100 шақырымнан асатын 10 жаңа тау соқпағын абаттандыруды және күн панельдерімен жабдықталған 3 кемпинг аймағын жасауды жоспарлап отыр.
— Бұған қоса, Алматыда туризмді дамытудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде биыл екі ірі мәдени нысанның — «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts көркемөнер мұражайының ашылуы жоспарланған. Бұл жобалар Алматыға жаңа мәдени және туристік нүктелер қосып, қаланың өңірдегі өнер мен мәдени іс-шаралар орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтпақ, — деп хабарлады әкімдіктен.
Былтыр Алматыда 100 шақырым тау соқпағы абаттандырылып жаңа бағыттар ашылды.
Көктөбеде «Денсаулық жолы» деп аталатын жаңа жаяу жүргіншілер бағыты пайда болды. Бұл — ашық аспан астында серуендеп, белсенді демалуға арналған абаттандырылған маршрут. Ұзындығы 1,2 шақырым жолдың құрылысы 2023 жылы жеке инвестициялар есебінен басталған. Бағыт бойына заманауи жарықтандыру, бейнебақылау жүйесі, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен Алматы және тауға көрініс ашатын алаңдар орнатылып, келушілерге жайлы жағдай жасалды.
Туристер мен қала тұрғындары үшін тартымды орындардың бірі — «Медеу» бөгеті. Бұл — биік таудағы атаулы спорт кешенінен жоғары орналасқан бірегей гидротехникалық нысан. Абаттандыру аясында мұнда «Медеуге» панорамалық көрініс беретін төрт жаңа шолу алаңы орнатылып, панорамаға шолу жасауға арналған алты тегін бинокль қойылды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында қоршаулар мен жол төсеніштері жаңартылды. Сонымен қатар, шолу алаңдары мен бөгет бойына бейнекамералар орнатылды.
Бұдан бөлек, жаңа жаяу жүргінші бағыты ашылды. «Жұмбақ жолдың» ұзындығы 285 метр, күніне 2 мыңнан аса адам жүріп өте алады. Бұл жол туристер арасында танымал Горельник визит-орталығына апарады.
2024 жылы қалаға 2,34 млн турист келген, оның 686 мыңы шетелдік, бұл рекордтық көрсеткіш. Көбіне туристер Ресей, Үндістан, Қытай, АҚШ және Түркиядан келген.
Айта кетелік биыл Алматыға 750 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп болжанып отыр.