Алматыда биыл 158 келі есірткі тәркіленіп, 5 зертхана жойылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда есірткіге қарсы іс-шаралар аясында 158 кг есірткі тәркіленіп, 5 есірткі зертханасы жойылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев мәлімдеді.

Фото: Pexels

Оның айтуынша, 2024 жылдың 5 айында Алматы аумағында полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 264 құқық бұзушылықты анықтаған.

Есірткі сатудың 116 фактісінің жолы кесілді.

158 килограмнан астам есірткі заты тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді.

Фото: Алматы ӨКҚ

«Бүгінгі таңда жаһандық проблеманың бірі — синтетикалық препараттар мен оларды өндіруге арналған зертханалар болып отыр. Алматы полициясы жүргізген жедел және арнайы іс-шаралардың нәтижесінде 5 есірткі лабораториясы жойылды», — деді Дәурен Көбеев.

Брифинг барысында жыл басынан бері Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 41 есірткі қойып кетушіні ұстағаны айтылды.

Сондай-ақ есірткі тарататын және жарнамалайтын 337 интернет-ресурс анықталып, бұғатталған.

Дәурен Көбеев «Наркостоп» қозғалысының еріктілерімен бірлесіп, есірткі туралы ақпаратты қамтитын 3 мың 651 граффити жойылғанын айтты.

Сондай-ақ ол Алматы полициясы нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күні аясында есірткіге қарсы айлық басталғанын атап өтті.