Алматыда биыл 200-ден астам егіз өмірге келген

Алматыда жыл басынан бері 217 егіз өмірге келді. Олардың арасына үшемдер де бар, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: пресс-служба акимата Жезказгана

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының аудандық АХАЖ бөлімдерінің мәліметінше, биыл Бостандық ауданында ең көп егіз өмірге келген - 39, Түрксіб ауданы – 38, Алатау ауданы – 31, Медеу ауданы – 30, Алмалы ауданы – 29, Әуезов ауданы – 28, Жетісу ауданы – 13, Наурызбай ауданы – 8 егіз, 1 үшем өмірге келген.

«Бұл өте қуанарлық жағдай. Елімізде халық санының өсіп жатқаны – жақсы құбылыс. Талай нәубетті басынан өткеріп, өсу қарқыны бәсеңсіп қалған халқымыз, биыл 20 миллиондық межеге жетіп отыр. Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, аналардың да алаңсыз балалы болуына жағдайлар қарастырылып жатыр. Босанғанға дейінгі, босанғаннан кейінгі жәрдемақылары өсті. Әрбір бала туылғанда берілетін жәрдемақылар да жыл сайын өсіп отыр. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер проактивті және композитті нұсқаларға көшірілді. Аналар көп қызметтерді ХҚО-ға келмей-ақ онлайн алатын болды», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Фарида Бөкіжанова.

Айту керек, әлемде бүгінгі күні 80 мыңға жуық егіз бар. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын әлемде 1,6 миллион егіз өмірге келеді. Егіздердің өмірге келуі бойынша Қазақстан әлемде 48 орында тұр.

Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АХАТ бөлімдерінің мәліметінше, алматылықтардың көпшілігі балаларына Ислам дініне қатысты есімдерді қойған. Мысалы, Мұхаммед, Әл-Мұхаммед, Ислам, Мұхаммедәли, Омар, Абдрахман, Фатима, Раяна, Кәусар, Айша, Медина, Ясина, сондай-ақ, көп кездесетін есімдердің ішінде тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің есімдері де бар. Мәселен, Абылайхан, Қазыбек, Әбілхайыр, Кенесары, Әлихан, Әміре, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт, Хан, Айғаным, Бөрте, Зере, Томирис және т.б. Сонымен қатар, Алдияр, Айсұлтан, Алинұр, Нұрали, Алияр, Аион, Айлин, Інжу , Маржан, Асылым, Марьям, София, Аяла сынды қазіргі заманның есімдері де ата-аналар таңдаған.

«Әйел адам үшін ана болудан асқан бақыт жоқ шығар. Балалардың дүниеге келуі теңдесі жоқ қуаныш әкеледі және олармен байланысты барлық қиындықтар біртіндеп ұмытылады. Оның үстіне бір емес, егіз сәби дүниеге келіп жатса, өзің және туған-туыстар үшін де қуаныш еселене түседі екен», - деді ана бақытымен бөліскен Динара Абдукаримова.

Айта кетейік, биыл қаңтар-қазан айларында Алматыда 29 560 бала өмірге келді. Оның 15 251 - ұл, 14 309 – қыз, олардың арасында - 216 егіз, 1 үшем өмірге келді. Биыл тамыз айы нәрестелердің көп туылуымен ерекшеленді. Бұл айда 3310 бала өмір есігін ашты.