Алматыда көше-жол желісін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әр ауданның мердігерлік ұйымдары мониторинг барысында және қала тұрғындарының түрлі арналар арқылы келіп түскен өтініші негізінде анықталған шұңқырларды жөндейді.
«Мысалы, Telegram арнасындағы жол инфрақұрылымына арналған @AlmatyJolybot чат-ботына 23 сәуірден бастап күн сайын 30-40 өтінім тіркеледі. Барлығы 400-ден астам өтініш келіп түсті, оның 70%-дан астамына тиісті жауап берілді. Сондай-ақ өтінімдер open-almaty.kz интернет порталы мен eOtinish сервисі арқылы келіп түседі», - деп атап өтті әкімдіктен.
Жалпы, жұмыс басталғалы 41 мың шаршы метр жол төсемі жөндеуден өтті. Бұл ретте, жыл соңына дейін 310 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны бар жолдарды жөндеу жоспарланған.
«Айта кету керек, ағымдағы жөндеу жол төсемінің ұсақ зақымдануы мен апаттық қазылуының алдын алу және шұғыл түзету үшін жүргізіледі. Талдау көрсеткендей, Алматыда шұңқырларды жөндеудің шамамен 90%-ы 5 жылдан астам орташа жөндеу жүргізілмеген жолдарға, сондай-ақ инженерлік желілерді салу және жөндеу жүргізілген учаскелерге тиесілі», - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Биыл ұзындығы 250 шақырым болатын 274 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр.
Еске салайық, 2023 жылы Алматыда ұзындығы 200 км болатын 175 көшеде жол жабынына орташа жөндеу жүргізілді, орташа жөндеуге кепілдік мерзімі 3 жыл, осы уақыт ішінде мердігер кез келген ақауды өзі түзетеді.
Бұл ретте, былтыр пилоттық режимде қаланың 15 магистральдық көшесінде жөндеу кезінде жолға және жарыққа төзімділікті арттыруға бағытталған полимерасфальтобетон пайдаланылды.
Мұндай қоспалар тозуға төзімді, жұмсарту температурасы жоғары (65-70°C), сондықтан ыстыққа төтеп бере алады, әлдеқайда ұзағырақ – қазіргі 5 жылдың орнына 8-10 жылға дейін пайдалануға болады. Биыл да бұл тәжірибе жалғасады.
Бұған дейін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында (БАКАД) төсемдегі жол белгілерін жаңарту жұмыстары басталғаны туралы жазған едік.