Алматыда биыл 4 мыңнан астам шетелдік жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзу деректеріне назар аударылды.

Фото: ҚР ІІМ

Қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, Алматы – туристер мен мигранттар үшін тартымды орталықтың бірі. Қазір қалада 72 мыңнан астам шетел азаматы көші-қон есебінде тұр. Олардың 54 мыңнан астамы көрші елдердің азаматтары.

- Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 4,3 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 92 жұмыс беруші жазаланды. Сот шешімімен 741 адам елден шығарылып, құжаты жоқ 959 адам жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылды, - деді ол.

Сонымен қатар шетел азаматтарын қабылдау ережесін бұзған 845 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған. Полиция жатақхана, хостелдер мен келушілер тұратын басқа да орындарды тексеріп отырады.

Еске салайық, бұған дейін Теңіз кенішінде жұмыс істеген 30-ға жуық шетелдік елден шығарылды.