Алматыда биыл қанша мектеп пен балабақша салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көптеген білім беру нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.

Фото: БҚО құрылыс басқармасы

Оның айтуынша, Алматыда 1 930 оқушы орнына арналған 5 жаңа мектеп пен 800 балаға арналған 3 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар қалада екі Оқушылардың шығармашылық орталығы мен «Алғабас» шағын ауданында колледж бой көтереді.

Одан бөлек бүгінде № 16, № 112 және № 170 мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Олар пайдалануға берілгеннен кейін тағы 900 оқушы орны ашылмақ. Жалпы 10 мектеп пен 2 балабақшада қайта жаңғырту және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде.

— Жыл басынан бері Алматыда 7 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Қалған 15 нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде «Зерделі» шағын ауданында және Еңбек көшесінде жалпы 890 орындық екі мектеп, № 16, № 112 және № 170 мектептерге 900 орындық үш қосымша ғимарат, тоғыз мектепті қайта жаңғырту және сейсмикалық күшейту, сондай-ақ Тілендиев көшесінде балабақша салу көзделген, — деді басқарма басшысы.

Нұрбол Нұрсағатов 14 білім беру нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар № 87 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу және № 112 мектепті қайта жаңғырту жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Аталған нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айында басталады.

Ведомство басшысы 2027 жылдың соңына дейін Алматыда 31 білім беру ұйымын жаңғырту жоспарланғанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін 2026–2027 оқу жылынан бастап не өзгеретінін жазғанбыз.