Алматыда биыл магнит жұтып қойған 15 бала ауруханаға түсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда балалардың магнит жұтып қою жағдайлары жиі тіркеліп жатыр.

Фото: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Жыл басынан бері осындай жағдаймен Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 15 бала жеткізілген. Бір ғана кезекшілік кезінде үш балаға шұғыл ота жасауға тура келген. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.

Ведомство мәліметінше, алғашқы науқас — 2 жастағы бала науқас. Ол ауруханаға ішінің ауырсынуына байланысты жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер оның ағзасынан бөгде заттарды анықтады. Шұғыл жасалған ота кезінде хирургтер баланың ағзасынан 25 магнит алды.

Арада бірнеше сағат өткенде қабылдау бөліміне 2,5 жастағы тағы бір бала жеткізілген. Ол құсу мен ішінің ауырсынуына шағымданған. Тексеруден кейін дәрігерлер оған да шұғыл ота жасап, ағзасынан 9 магнит алып шықты. Отадан кейін бала 10 күн стационарда ем қабылдады.

Фото: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

— Үшінші бала сол кезекшілік кезінде таңға жуық, кезекшілік аяқталар тұста түсті. Жасы 4-ке толмаған. Іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері байқалды. Тексеру барысында асқазан-ішек жолынан көптеген бөгде зат анықталды. Баланың аш ішегінен 59 магнит алып шыққан кезде мұндай жағдай дәрігерлердің өзін таңғалдырды. Медициналық көмекке жүгінген сәтте қауіпті заттар аш ішектің қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі оталардың бірі болды, — деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, жыл басынан бері орталыққа магнит жұтып қойған 15 бала жеткізілген. Мұндай жағдай аса қауіпті. Өйткені бірнеше магнит ағза ішінде бір-біріне тартылып, ішкі ағзаларды зақымдап, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Дәрігерлер ата-аналарды магнитті шариктер мен осыған ұқсас ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жететін жерге қоймауға шақырды. Сондай-ақ балалардың қандай заттармен ойнап жүргенін үнемі қадағалау қажеттігін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда бала жұтып қойған үш магнит асқазан мен ішекті жалғап жібергенін жазғанбыз.