Алматыда биыл мемлекет мұқтажына 800 учаске алынды: мақсат қандай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде жер телімдерін алу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қарқынды урбанизация жүріп жатқан қазіргі уақытта Алматы сынды ірі мегаполистердің инфрақұрылымы тоқтаусыз дамып отыруы қажет. Алайда барлық нысандары тығыз орналасқан шаһарда мектеп құрылысы үшін не көшені ұзарту үшін бос жер телімін табу мүмкін бола бермейді. Сондықтан ҚР Жер кодексінің 84-бабына және ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңында көрсетілген нормаларға сәйкес жекеменшіктегі жер телімдері мемлекет мұқтажына алынады. Ол үшін Алматы әкімі тиісті қаулы шығарады. Оның негізінде жер қатынастары басқармасы учаске иесімен келісім жасап, нарықтық бағамен төлем жасайды. Ал мемлекет меншігіне алынған жер телімдері құрылыс жүргізу үшін тиісті ведомствоның қарамағына беріледі.
Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы 2025 жылдың басынан бері мемлекет мұқтажы үшін 799 жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік нысандары сатып алынғанын хабарлады.
— Басқармамен мемлекеттік мұқтаж үшін жер учаскелерін алып қою бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған жұмыс қала дамуының негізгі бастамаларын іске асыру аясында жүйелі және жоспарлы түрде жүргізілуде. Биыл 541 учаске көлік инфрақұрылымы нысандарын салу, 258 учаске әлеуметтік нысандардың құрылысы үшін сатып алынды, — делінген ресми жауапта.
Төлем бағасы қалай белгіленеді
Мәжбүрлі түрде алынатын аумақта тәуелсіз мамандар бағалап, нарық бойынша құнын көрсетеді. Ол бойынша қала төлем ұсынады. Жердің меншік иесі учаскесін сатудан бас тартқан жағдайда не төлем бағасымен келіспесе, ведомство сотқа жүгінеді. Сот жер телімі мен онда орналасқан нысандардың әділ бағасына қарай төлем көлемін белгілейді. Әрі қарай сот үкімімен мәжбүрлі түрде жер телімі алынады.
Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл меншік иелерінің төлем бағасына келіспеуіне байланысты әкімдік 393 нысан бойынша сотқа жүгінген.
— Олардың 109-ы аяқталды, — деп мәлімдеді ведомство.
Мемлекетке алынған жердің мақсаты өзгеруі мүмкін бе
Алматының Түрксіб ауданында № 20 орта мектепті кеңейту жоспарланып отыр. Ол үшін мектеп жанындағы бірнеше жеке үй мемлекет мұқтажына алынады. Меншік иелеріне тиісті хабарландыру келгеннен кейін тұрғындар бұл шешімге наразылық білдірді. Олардың қатарында учаске тұрғын үй кешенін салуға беріледі деген алаңдаушылық болды.
— Мемлекет қажетіне алынған жерлер тек мақсатына сай пайдаланылады және үшінші тұлғаларға немесе коммерциялық мақсатта берілуі мүмкін емес. Бұл жағдайда тек оқу нысанын салу туралы сөз болып отыр, — деп мәлімдеді әкімдіктен.
Еске салайық, Алматыда ірі жобалардың жүзеге асуы жер учаскелерін алу жұмысының тым созылып кетуінен кешігіп жатады. Мысалы, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан көлік жолайрығының құрылысы 2017 жылы басталды. Бірақ тұрғындардан жер учаскелерін мәжбүрлі түрде сатып алу жұмыстарына байланысты жоба құрылысы созылып, тек 2025 жылы аяқталды.
Бұған дейін Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев Саин даңғылын ұзарту жұмыстары 1 жер телімінің сатып алынбауынан тоқтап қалғанын айтқан еді.