Алматыда биыл мопедтердің қатысуымен 300-ге жуық жол апаты болды

Алматыда жыл сайын самокат пен мопедтердің қатысуымен болатын жол апатының саны өсіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚазАқпарат

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, мегаполисте 50 мыңнан астам мопед пен самокат бар, осыған байланысты жол апатының саны да өскен. Жыл басынан бері самокаттардың қатысуымен 25 жол апаты болған, салдарынан 2 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды.

Ішкі істер министрлігі қабылдаған шаралар самокаттарға қатысты жағдайды біршама тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров айтты. Оның сөзінше, жас шектеулері белгіленді, қорғаныс құралдарын міндетті түрде пайдалану және жолаушыларды тасымалдауға талаптар қойылды.

"Алайда қайғылы оқиғалар жалғасып жатыр. Күні кеше ғана самокат жүргізуге туысы рұқсат берген 13 жасар бала қайтыс болды. Жас жігіт қалаға басқа жақтан келген және үлкен қаладағы көлік қозғалысына бейімделмеген. Салдарынан жасөспірім жүк көлігінің астына түсіп, көз жұмды", – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы.

Ол сондай-ақ мопедтерге қатысты сыни жағдайға назар аударды. Себебі, жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 292 жол апаты болып, нәтижесінде 14 адам қаза тапты, былтыр екі адам қаза болған.

"Жоғарыда аталған статистика алаңдаушылықты тудырады. Самокат пен мопедті жүргізушілер жол қозғалысына қатысушы әлсіз санаттардың бірі. Себебі, автокөлікте қауіпсіздік белдігі немесе қауіпсіздік жастығы бар болса, екі дөңгелекті көліктерде ондай ештеңе жоқ. Сондықтан олардың қатысуымен болатын әрбір апат қайғылы жағдайда аяқталады. Осы орайда мен барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Ата-ана өз баласының қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілікті сезінуі қажет. Қылмысқа немқұрайлылық танытпаңыз, балаңызды қорғаңыз, өз үлгіңізбен заңға құрметпен қарауды үйретіңіз", – деді Арыстанғани Заппаров.

Еске салсақ, Алматыда жақында самокат жүргізіп келе жатқан жасөспірімді жүк көлігі басып кеткен болатын.

Сондай-ақ Алматыда КамАЗ мопед айдаған 17 жастағы бозбаланы қағып кетіп, мерт қылғанын жазғанбыз.