Алматыда биыл жарты тоннадан астам есірткі тәркіленді

Фото: Canva

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 9 айда жарты тоннадан астам есірткі тәркіленіп, үш қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатовтың айтуынша, 2025 жылдың 9 айында есірткіге қатысты 500-ден астам қылмыс ашылды. Заңсыз айналымнан 525 келіден астам есірткі заты, оның ішінде 52 келі синтетикалық және 3 тоннадан астам БК-4 прекурсоры тәркіленді. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған 255 миллион теңге мен мүлік мемлекет кірісіне берілді.

- Сонымен қатар 2 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, есірткіні өткізу және таратуға қатысы бар 3 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау, қоғамды есірткі қауіпінен қорғау, – деді Қуатбек Науатов.

Одан бөлек биыл заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 1,5 мың отандық және 5 мыңнан астам шетелдік банк картасы, сондай-ақ 312 криптоәмиян бұғатталды. Сондай-ақ есірткі таратуға пайдаланылған 2 мың 200 интернет-ресурс бұғатталды, олардың 27-сі - Telegram арна.

Еске салайық, Алматы облысында биыл 6 тонна есірткі тәркіленді.