Алматыда биыл жастарға арналған тағы 5 орталық ашылады

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana Pro

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2026 жылы 5 жаңа комьюнити орталық ашылады.

Қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, осы жылдың ішінде Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық және Түрксіб аудандарында 5 жаңа комьюнити орталығын іске қосу көзделген. Жаңа алаңдар ашылғаннан кейін қала бойынша олардың жалпы саны 16-ға жетеді.

- Инфрақұрылымды дамыту жастарға көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін арттырып, оларды қаланың әлеуметтік, мәдени және білім беру бастамаларына белсенді түрде тартуға бағытталған, — деп хабарлады ведомство.

Одан бөлек қалада алғаш рет кемінде 8 жастардың үкіметтік емес ұйымын құру және дамыту жоспарланып отыр. Олар экологиялық, патриоттық, еріктілік және басқа да бағыттарда жұмыс істеп, комьюнити орталықтардың қолдауымен жобалық командалар ретінде қызмет атқарады.

- Бұл ұйымдар жастарды қала деңгейіндегі мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді басқармадан.

Еске салайық, ел жастары бүгінге дейін тұрғын үй мен білімге 35,2 млн доллар жұмсаған.