Алматыда бизнес нысандарын желілерге қосу кезінде заңбұзушылықтар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы прокуратурасы кәсіпкерлік нысандарын инженерлік желілерге қосу кезінде табиғи монополиялар субъектілері тарапынан заңбұзушылықтар болғанын анықтады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Прокуратураның мәліметінше, кейбір табиғи монополиялар субъектілері «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне қажетті мәліметтерді уақытында енгізбеген әрі оларды тиісті деңгейде жаңартпаған.

Соның салдарынан кәсіпкерлер мен инвесторлар нысандарын инженерлік инфрақұрылымға қосу үшін бос қуаттың бар-жоғы және техникалық мүмкіндік туралы нақты ақпаратты уақытында ала алмаған.

Прокуратура мұндай жағдай реттеліп көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі талаптарына қайшы екенін мәлімдеді.

Тексеру нәтижесінде кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 4,7 млн теңге болды.

Қазір инженерлік қуаттардың болуы мен қолжетімділігі туралы қажетті мәліметтер ақпараттық жүйеге енгізілді.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда инвесторларға негізсіз қаржылық санкциялар қолданылғанын жазғанбыз.