Алматыда бір апта бұрын жоғалған жасөспірім табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда полиция қызметкерлері 2025 жылғы желтоқсан айының соңынан бері іздеуде болған 14 жастағы жасөспірімді тапты.
Із-түзсіз жоғалған кәмелетке толмаған баланы іздеуге полиция бөлімшелерімен қатар еріктілер ұйымдары мен белсенді азаматтар тартылды. «Қоғам» жедел әрекет ету жасағының мәліметінше, жасөспірім 2025 жылғы 30 желтоқсанда үйінен шығып кеткен.
Жасөспірімнің жүрген жерін Жетісу аудандық полиция басқармасының криминалдық және ювеналдық полиция қызметкерлері анықтады.
– Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Бұған дейін де жасөспірім үйінен бірнеше рет кетіп қалған. Табылған сәтте ол тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде «қаңғып жүрген», - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кәмелетке толмаған бала анасына тапсырылды. Отбасымен профилактикалық және түсіндіру әңгімесі жүргізіліп, материалдар ювеналдық полицияның бақылауына алынды.
Полиция өкілдері іздестіру жұмыстарына көмектескен еріктілер мен азаматтарға алғыс айтты.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында бір отбасының төрт адамы із-түзсіз жоғалып кеткен еді.
Оларды іздестіру жұмыстары 2025 жылғы 25 желтоқсанында басталды. Дәл осы күні туыстары полицияға хабар берген.
Полицияның мәліметінше, іздестіру шаралары тек Атырау облысында емес, Қазақстанның бүкіл аумағында жүргізіліп жатыр.