Алматыда бір айда 825 адам қызылша жұқтырған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Қаңтар айында 825 адам қызылша жұқтырған. Олардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.

Фото: pexels.com

«2023 жылы мегаполисте қызылшаның зертханалық расталған 4846 жағдайы тіркелді, оның 73 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар», - деді Әсел Қалықова.

Оның айтуынша, науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар. Бұл – аурудың негізгі себебі.

«Халықты қызылшаға, паротит қызамығына қарсы қосымша жаппай иммундау жалғасуда. 2023 жылдың 6 қарашасы мен 2024 жылдың 28 қаңтар аралығында қызылшаға қарсы иммундаумен барлығы 149 550 адам қамтылды. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 1 және 6 жаста екі рет жүргізіледі. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың барлық емханаларының егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі», - деді эпидемиолог.