Алматыда бір көше жыл соңына дейін жабылады

Фото: gov.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Қарғалы өзенінің арнасын қайта жаңғырту және оның үстіндегі көпірді жаңарту жұмыстарына байланысты Жексенбаев көшесінде (Аханов көшесіне дейінгі учаскеде) көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдерінің мәліметінше, аумақ 2025 жылы 1 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін уақытша жабылады.

— Жүргізушілерге жұмыс барысында жол қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерісті ескере отырып, бағытын алдын ала жоспарлауын сұраймыз, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Желтоқсан көшесінде BRT (Bus Rapid Transit) желісінің іске қосылуына байланысты қозғалысты ұйымдастырудың жаңа сызбасы енгізілетінін хабарлағанбыз.

Жаңа бағыттар бойынша автобустар 14 желтоқсаннан бастап екі бағытта да қатынай бастайды. Алғашқы кезеңде № 92 және № 59 маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.