Алматыда бір тәулікте 2 мыңнан астам заң бұзушылық тоқтатылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында 1 сәуірден бастап жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында «STOP бұзушылық» атты ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іс-шараның алғашқы күні жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2 200-ден астам фактісі тіркелді. Негізгі назар ауыр құқық бұзушылықтарға аударылды, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару оқиғалары анықталды.
Сонымен қатар электр самокаттарын пайдалану жағдайлары қатаң бақылауға алынды. Бір тәулік ішінде шамамен 400 құқық бұзушылық анықталып, олардың арасында кәмелетке толмағандардың электр самокаттарын басқаруы да бар. Бұл фактілер бойынша ата-аналарға қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Арнайы айып тұрағына шамамен 1 000-ға жуық көлік қойылды.
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, басты мақсат – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, жолдарда қауіпсіз орта мен тәртіп қалыптастыру.
– Біз барлық жол қозғалысына қатысушыны ережелерді қатаң сақтауға және жеке әрі ата-аналық жауапкершілікті ұмытпауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіз мінез құлық мәдениетін қалыптастыру – ортақ міндет. Барлық бағыт бойынша бақылау күшейтілді, апаттылық деңгейін төмендетуге жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі, - деді ол.
Еске салсақ, бұдан бұрын СҚО-да әр үшінші құқықбұзушылық мас күйде жасалатынын жазғанбыз.