Алматыда бір тәулікте іздеуде жүрген тоғыз адам қолға түсті

Фото: Алматы ПД

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда полицейлер бір тәулікте 24 қылмысты ашып, іздеуде жүрген тоғыз адамды ұстады. Сонымен қатар 1 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

26 тамыздан бастап Алматыда республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның алғашқы тәулігінде-ақ тәртіп сақшылары 24 қылмыстың бетін ашты.

Полицияның мәліметінше, әшкереленген құқық бұзушылықтар арасында ұрлық пен алаяқтық, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау, сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізу деректері бар. Бұған қоса, полицейлер бұрын жасалған 14 қылмысты ашып, іздеуде жүрген тоғыз адамды қолға түсірді.

«Нелегал» санатында есепте тұрған 13 адам анықталған.

– Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға айрықша көңіл бөлініп жатыр: бір тәулікте осындай 1 мыңнан астам дерек тіркелген, олардың көпшілігі қоғамдық орындарда алкоголь ішу, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылыққа қатысты, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы 28 тамызға дейін жалғасады.

Еске салайық, мұның алдында Алматыда қамыс арасындағы көлік ішінен ер адамның денесі табылғанын хабарлаған едік.