Алматыда бір түнде 3,8 мың текше метр қар шығарылды

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының коммуналдық қызметтері түнімен қар тазалады.Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қалада жауған қардың биіктігі 10 см дейін жетті.

«Алматыда 1 ақпан сағат 22:30-дан басталған қар бүгін түске дейін жауады деп болжануда.Түнгі уақытта 426 бірлік арнайы техника мен 278 жұмысшы жұмылдырылды. Көктайғақтың алдын алу үшін қар жауғанға дейін негізгі көшелер сұйық реагенттермен өңделді»,- деп атап өтті әкімдіктен.

Таңғы сағат 05:00-тен бастап 149 шағын көлемді техниканың көмегімен тротуарлар мен қоғамдық орындарда қар күреліп жатыр. Түнгі уақытта 3,8 мың текше метр шығарылды.

«Таңғы сағат 08:00-ден бастап 452 бірлік арнайы техника, оның ішінде 174 шағын көлемді техника мен 1183 жұмысшы қар күреуге тартылды.

Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.