Алматыда британдық Coventry University жаңа кампусы ашылады

Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Лондон қаласында Coventry University (Ұлыбритания) мен Coventry University Kazakhstan (Қазақстан) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Құжатқа сәйкес британдық жоғары оқу орнының жаңа кампусын 2026 жылғы қыркүйек айында Алматы қаласында ашу жоспарланды.

Кампус Ұлыбританиядағы Coventry University-дің академиялық стандарттары мен зерттеу тәсілдері негізінде жұмыс істейді. Университет инженерлік білім беру мектебінің жоғары деңгейімен, заманауи зерттеу инфрақұрылымымен және жасанды интеллект саласындағы озық әзірлемелерімен халықаралық деңгейде танымал.

Жаңа білім ордасы Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы британдық инженерлік университеттердің біріне айналуды көздейді. Оқу бағдарламалары әлемдік академиялық стандарттарға сәйкес әзірленіп, инженерлік пәндер мен жасанды интеллект технологияларын кешенді қамтиды. Профессор-оқытушылар құрамы өндірістік тәжірибесі мол, білікті мамандардан жасақталмақ.

Бакалавриат деңгейінде «Сәулеттік технологиялар», «Құрылыс жобаларын басқару» және «Компьютерлік жүйелер инженериясы» білім беру бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр. Магистратурада «Электромобильдер инженериясы» және «Басқару жүйелері, робототехника және зияткерлік автоматтандыру» бағыттары бойынша мамандар даярлау көзделіп отыр.

Келісімге қол қою рәсімінде Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов бұл бастама кадрлық әлеуетті нығайтуға және елдің технологиялық дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретінін алға тартты.

— Бүгінде Мемлекет басшысының жаңа технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында елімізге заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын әрі инновациялық шешімдерді тиімді жүзеге асыруға қабілетті инженер мамандар аса қажет. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеге, қолданбалы білім мен озық ноу-хауға басымдық бере отырып, инженер кадрларды жаңа деңгейде даярлау маңызды. Алматы қаласында Coventry University кампусының ашылуы осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл бастама кадрлық әлеуетті нығайтуға және елдің технологиялық дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті.

Алматыдағы Coventry University Kazakhstan Қазақстан аумағындағы Coventry University Group құрамына кіретін екінші кампус болмақ. Бұған дейін 2024 жылы Астана қаласында университеттің алғашқы кампусы іске қосылған. Қазір онда еліміздің әр өңірінен келген 400-ден астам студент «Бизнес», «Компьютерлік ғылымдар», «Халықаралық қатынастар», «Экономика және қаржы» бағыттары, сондай-ақ MBA Global Business (Executive) магистрлік бағдарламасы бойынша білім алады.

Айта кетейік, Coventry University 1843 жылы құрылған. Қазіргі уақытта университет Ұлыбританияда және Еуропа мен Азияда мамандар даярлау сапасы бойынша жоғары бағаланады.

Осыған дейін Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік жол картасы бекітілгенін жазғанбыз.