Алматыда бірнеше тұрғын үй кешені жарықсыз қалды

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағынауданында электр энергиясы апатты жағдайда өшті.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Алматылықтар әлеуметтік желіде жарық жоқ екенін жазды.

— Алматы қаласы Шұғыла ауданында жарық өшті. Тағы қай жерлерде жарық жоқ. Су өшпесе екен деп отырмын, — деді тұрғын.

— Мына Шұғылаға не болды? Жарық 3 рет жанып, өшті. Дүкендегі тоңазытқыш күйір кететін болды. Реттемей ма ешкім, — деп жазды алматылық қыз.

Наурызбай ауданының әкімдігі мәліметінше, сағат 20:20–да шағынаудандағы бірнеше тұрғын үй кешенінде электр энергиясы апатты жағдайда өшкен.

— РЭС-3 ақпараты бойынша, электр желілерінде ақау пайда болған. Қазір апаттың себебі анықталып жатыр. Электр энергиясы жарық өшкен сәттен бастап төрт сағатқа дейін қалпына келтіріледі, — деп хабарлады аудан әкімдігі.

Апаттық қызметтер оқиға орнында жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандар электр энергиясын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге тырысады.

Аудан әкімдігі тұрғындарды жағдайға түсіністікпен қарауға шақырып, қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Қарасай ауданының бірнеше елді мекенінде кабельдің зақымдануына байланысты электр энергиясы уақытша өшірілген.